Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Грузия парламентіне шабуыл: Іс «билікті басып алуға әрекет» бабына ауыстырылды

2019 жылғы 5 шілде 03:24 1378
Бөлісіңіз:
Грузия парламентіне шабуыл: Іс «билікті басып алуға әрекет» бабына ауыстырылды

ГРУЗИЯ. ҚазАқпарат - Грузия елінің прокуратурасы парламент ғимаратына шабуыл жасауға қатысты қозғалған істі «төңкеріс жасауға әрекет ету» бабына ауыстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Грузия Online» сайтына сілтеме жасап.

Грузияның Бас прокуратурасы жалғасып жатқан тергеу жұмыстары кезінде 20-21 маусым күндері Тбилисидегі парламент ғимаратының алдында белгілі бір тұлғалар «билікті басып алу мақсатында мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болғанын анықтады».  

«Бұл әрекетті іске асырудың алғашқы кезеңінде парламент ғимаратын шабуылмен алу көзделді. Кейін, билікті басып алу бойынша одан арғы іс-әрекеттер жалғаспақ болған. Бұл әрекетке құқыққорғау органдары тосқауыл болды», - делінген бейсенбі күні жарияланған прокуратураның мәліметінде.

Құжатта атап өтілгендей, тергеу Грузия Қылмыстық кодексінің 225-інші (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру) және 315-інші (елдің конституциялық құрылымын күшпен өзгерту мақсатында астыртын сөз байласу немесе бүлік шығару) баптары бойынша жалғасады. 

Бұған дейін басылым Грузияның ішкі істер вице-министрі Владимир Борцвадзеге сілтеме жасап, акция кезінде топ болып күш көрсетті деген күдікпен 4 адам ұсталғанын хабарлады.

«Ішкі істер министрлігінде 2019 жылдың 20-21 маусымында парламент ғимаратының алдында болған оқиғаларға байланысты тергеу қарқынды жүргізілуде... Аталмыш іс аясында сот үкімі негізінде  топ болып күш көрсету айыбымен бүгін (4 шілде - ред.) тағы 4 адам ұсталды.  Қылмыс 6-дан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. (...) Тергеу кезінде анықталғандай, 20-21 маусым күндері парламент алдындағы аумақта аталмыш тұлғалар топ болып күш көрсетулерге қатысқан. Бұл ретте олар түрлі заттарды пайдалана отырып, полицейлерге шабуыл жасаған, оларға қарсылық көрсеткен», - деп келтіреді портал вице-министрдің сөзін. 

Еске салайық, 20 маусым күні Грузияда Үкімет мүшелерінің отставкаға кетуін талап еткендер парламент ғимаратына шабуыл жасады. Ереуілді басу үшін полиция көз жасаурататын газ, резеңке оқтар және суатқыштарды қолдануға мәжбүр болды.

Тәртіпсіздіктер 20 маусым күні Ресей делегациясының Тбилисиде өткен Православие парламентаралық Бас ассамблеясына қатысуынан кейін басталды. Делегацияны бастап келген РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Сергей Гавриловтың сессия кезінде Грузия Парламенті спикерінің креслосына отырып, жиналғандарға орыс тілінде сөйлегені оппозицияның наразылығын тудырған. Мұны қорлау деп бағалаған Грузияның оппозициялық депутаттары наразылықтарын білдіріп, Бас ассамблеяның жұмысын тоқтатты.

Франс пресс агенттігінің хабарлауынша, 10 мыңға жуық адам Парламент ғимаратының алдына жиналып, полицияның құрған шебін жарып өтіп, Парламент спикері Ираклий Кобахидзе және басқа да ресми тұлғалардың отставкаға кетуін талап еткен.

 

 

 

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Әлем,
Бөлісіңіз:

Аударма:

Мира Төлендіқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
MURAǴAT