Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80

9 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 9 шілде 07:01
Поделиться:

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 9 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1906 жылы Ресейдің Выборг қаласында бірінші Мемлекеттік Думаның таралуын заңсыз деп таныған депутаттар халыққа үндеу жолдады. Бұл үндеу тарихта Выборг үндеуі деген атпен қалған. Думаны тарату туралы патша жарлығына қарсы халықты салық төлеуден, әскери міндеткерлікті өтеуден бас тартып, наразылық білдіруге шақырған бұл үндеуге қол қойған 200-ге жуық депутаттың басым көпшілігін кадеттер партиясының өкілдері құрады. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов пен Сәлімгерей Жантөрин де болды. 1907 жылы желтоқсанда үндеуге қол қоюшылар сотқа тартылып, олардың ішінде 167 адам 3 ай мерзімге абақтыға жабылып, ендігі жерде Думаға мүше болу құқығынан айырылды.

1970 жылы Алматы облысы Іле ауданының Новоилийск ауылына Қапшағай қаласы атауы беріліп, облыс қарамағындағы қалалар тізіміне енді.

Ежелгі түрік сөзі «Қапшағай» «тас аңғар», немесе «шатқал» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөздің шығу тегінің тағы бір нұсқасы Жоңғар шапқыншылығы заманымен байланысты, қазақ қолбасшысы Қаптағай батыр бұл жерде өзен арқылы өтіп, оның арнасын құм салынған қаптармен бекітіп тастамақшы болады. Яғни, «қап» сөзі де елді мекеннің Қапшағай аталуына негіз болса керек.

1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік салық қызметі құрылды.

2001 жылы Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы жарық көрді.

2007 жылы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы археологиялық-этнографиялық орталықтың кезекті экспедициясының мүшелері сармат дәуірінен жеткен алты обаны тапты. Сармат дәуіріне қатысты бірнеше көне құмыра, ежелгі халықтың басқа да тұтынған ыдыс-аяқтары Атырау облысының Қызылқоға ауданынан табылды.

2009 жылы «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасының аумағында «Ежелгі Қазақстанның қаруы және қару-жарағы» топтамасының көркемдік маркасын айналымға енгізді. Маркада XVIII ғасырдағы батырдың қалқаны бір топ жауынгердің бейнесінде бейнеленген. Марка төрт бояуда офсет, бұрғылап тесу әдiсi бойынша орындалған, өлшемі - 50х38 мм, таралымы - 30 мың дана. Суретшiсі - Данияр Мұхамеджанов. Маркалар Бейжіңнің (ҚХР) пошталық таңбалар фабрикасында басып шығарылған.

2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы арқылы «Азия тұрғындарына таза су үшін» ұранымен халықаралық марафон маршруты өтті. Үш адам 150 күннің ішінде алты мемлекеттің аумағын кесіп өтті.

2015 жылы Уфада Қазақстан Президенті Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ганимен кездесті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Мохаммад Гани екіжақты ынтымақтастықтың саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық, өзге де салалардағы қазіргі ахуалы мен келешегін талқылады.  Бұдан бөлек, М.Гани кездесу барысында Қазақстан Президентіне «Гази Аманулла Хан» медалін тапсырды. 

2015 жылы алғаш рет қазақстандық төреші Бірлескен күрес әлемінің (United World Wrestling - UWW) супервайзері болды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша рефери Бақытжан Жақсықұлов Франкфурттағы (Германия) төрешілер семинарына қатысты. Оның қорытындысы бойынша UWW президенті Ненад Лалович қазақстандықты супервайзер етіп тағайындады.

2017 жылы Үндістанның Бхубанешваре қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандық жеңіл атлеттер екі алтын және бір күміс медаль алды.

2018 жылы Болгарияда KWU Camp 2018 халықаралық жазғы лагерь аясында киокушинкай-кан каратэден «Varna Cup 2018» дәстүрлі кадеттер турнирі өтті. Онда Ақмола облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Әлемгүл Сабырхан 65 келіден астам салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. 

 

 

Бөлісіңіз:
MURAǴAT