Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80

7 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 7 шілде 07:00
Поделиться:

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 7 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

7 шілде, ЖЕКСЕНБІ

Қазақстанда ұлттық домбыра күні

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылдан бастап шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Ұлттық домбыра күні қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында тойланады.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1977 жылы Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институты (қазіргі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты) құрылды.

1982 жылы Оралда қазақ халқының батыр қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өмірінен сыр шертетін мемориалдық мұражай үйі ашылды.

Мәметова Мәншүк (шын есімі - Мәнсия) Жиенғалиқызы (1922-1943) - қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры (1944).
Орал облысында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде Алматы медицина институтында оқып жүрді. 1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы - Андрей Михалков-Кончаловский, режиссері - Мәжит Бегалин) көркем фильмі түсірілді.

1999 жылы Ақтөбеде ақын Нұрпейіс Байғанинге ескерткіш орнатылды.

Нұрпейіс Байғанин (1860-1945) - халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Әкесі Байғана жоқшылықты көп көрген. Анасы Үміт әнші, домбырашы әрі ақын болыпты, айтыстарға қатысқан. Ол ақындық өнерді ең алғаш анасынан үйренген. 16-17 жасынан-ақ «бала жыршы» атанады. Кейіннен Абыл, Шернияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Сабыр тәрізді белгілі ақындардан үлгі алып, бірқатарымен айтысқа түседі, батырлық жырларды үйренеді. Нұрпейіс Байғанин негізінен батырлықты, адамгершілік пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптейтін, халық сүйіп тыңдайтын «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты жыр, дастандарды жырлаған. Ол жырлаған «Қобыланды батыр» жыры - осы жырдың басқа ақын-жыршылар айтқан нұсқаларынан көлемі молы, оқиғасы жағынан мазмұндысы. Жыршының ертеректе жырлаған дастан, жыр нұсқалары кезінде жазылып алынбаған. Ол эпостық жырларды айтумен қатар, дайын сюжеттерді пайдалана отырып, халықтық, әлеуметтік мәселелерге арналған «Ақкенже», «Нарқыз» сияқты өз туындаларын шығарды. Ақын жыр алыбы Жамбыл сияқты Қазақстанның біраз жерлерін аралап, Алматы, Мәскеу қалаларында болып, ертеден келе жатқан жыраулық дәстүрді халқына қайта тарту етті. Оның өмірі мен шығармашылығы Есмағамбет Ысмайыловтың, О.Нұрмағамбетованың, К.Сейдехановтың зерттеулерінде қарастырылған. Ақтөбе облысында Байғанин ауданы бар. Ақтөбе және басқа қалалардағы көшелер мен мектептерге ақын есімі берілген.

2010 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ жариялаған Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы аясында Польшада Қазақстан елшілігінің ықпалдасуымен «Қазақтың 100 әні. Таңдамалы шығармалар» қазақтың музыкалық шығармаларының бірегей жинағы жарық көрді. Жинақ авторы - Александр Затаевич. Ол үш тілде - қазақ, поляк және орыс тілдерінде жарық көрген.

2012 жылы Павлодар облысында пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әйгілі сахабасы Хазірет Әлидің тікелей ұрпағы, ислам дінін таратушы, ағартушы, философ Мәшһүр Жүсіптің ұстазы Исабек ишан Хазіреттің 220 жылдық мерейтойы аталып өтілді.

2012 жылы Шымкентте Астана атты жаңа даңғыл ашылды.

2013 жылы Қазанда ресми түрде Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ашылды. Ресейдегі Қазақстан Елшісі Ғалым Оразбақов Татарстан Президенті Рустам Миннихановқа және Қазан қаласының мэрі Ильрус Метшинге қала орталығынан консулдыққа ғимарат бөліп бергені үшін алғысын білдірді. Ол осы ғимаратта Қазақстанның сауда өкілдігі және «Эйр Астана» әуе компаниясының аймақтық бөлімшесі орналасатынын айтты.

2013 жылы Загребте Қазақстанның фэнтези жанрындағы тұңғыш фильмі «Аңыздар кітабы. Тылсым орман» картинасының премьерасы болды. Фильм Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Балаларға арнап түсірілген фильм сюжетіне қазақ аңыздары арқау етілген. Оны шығаруда алғаш рет анимация және қазіргі компьютерлік графика кеңінен қолданылды.

2014 жылы Астанада «Астана Bike» велопрокат стансалары желісі жұмыс жасай бастады.  Велостансалар Астананың сол жақ жағалауының орталық бөлігінде 300-500 м ара қашықтықта орналасқан. Олар күн энергиясынан қуат алады.

2015 жылы «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы фильм Германиядағы Дүниежүзілік бұқаралық ақпарат құралдары фестивалінде бірінші орын алды. Фестивальге барлығы 38 ел және 40-қа жуық корпорация, агенттік, телеарна қатысты. «EXPO Family Film» (ЭКСПО-ның отбасылық фильмі) «Корпоративтік коммуникациялар: келушілерге арналған ақпарат» аталымында «алтын» жүлдеге ие болды.

2015 жылы Қазақстанның Берлиндегі елшілігінде Германияның көші-қон одағының Алтын белгісі мен Құрмет грамотасын табыстау рәсімі өтті. Марапатқа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ие болды. Сыйлықты Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы елшісі Болат Нүсіпов қабылдап алды. 

2018 жылы танымал суретші Алмагүл Меңлібаеваның өнер туындылары Венеция биенналесінің үздік көркемсурет жобаларының алтылығына енді. Алмагүл Меңлібаеваның жұмыстары 2005 жылдан бері әлемдік экспозицияларда көрсетіліп келеді. Мәселен, Венецияның өзінде оның туындылары бұған дейін үш рет көрсетілді. Мұнан бөлек, оның еңбектері Сидней, Киев және Мәскеудегі фестивальдерде зор сұранысқа ие болды.

2018 жылы қазақстандық үш қарғып секіру шебері Мария Овчинникова Израильде өткен жеңіл атлетика ашық чемпионатында 12,9 метр нәтижемен қола жүлдегер атанды.

 

 

Бөлісіңіз:
MURAǴAT