Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80

6 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 6 шілде 07:00
Поделиться:

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 6 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

Қазақстан Республикасының астанасы күні

1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-сында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы мамырдың 6-сында Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. 

Халықаралық кооперативтер күні

Жыл сайын шілденің бірінші сенбісінде аталып өтеді. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылғы 16 желтоқсанындағы № 47/90 резолюциясымен бекітілген. Халықаралық кооперативтер күнінің мақсаты - әлемдік қоғамдастыұтың назарын кооперативтерге тарту.

Бүкіләлемдік сүйісу күні

Аталған мереке алғаш рет Ұлыбританияда ХІХ ғасырда бейресми атап өтілді. Қазіргі таңда дүние жүзіне кең тараған.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Орал, Целиноград, Шымкент облыстарының және Целиноград қалаларының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» қаулысы қабылданды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президенттің ел астанасын Алматыдан Астанаға көшіру жөніндегі ұсынысын мақұлдау жөнінде қаулы қабылдады. Арада төрт жыл өткеннен кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш астанасының тұсаукесері болып өтті.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен ақын Мұзафар Әлімбаевқа «Қазақстанның халық жазушысы», актер Досхан Жолжақсыновқа және кинооператор Ескендір Тынышбаевқа «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атақтары берілді.

1995 жылы Өзбекстанда Абай күндері басталды.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев атымен аталған жұлдыз Швейцариядағы Халықаралық жұлдыздарды тіркеу жинағына тіркелді және АҚШ Астрономиялық жинағына енгізілді.

2000 жылы Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаевқа Тәжікстанның «Исмоили Сомони» ордені тапсырылды.

2005 жылы Елорданың «Синема Сити» кинотеатрында қазақ кинопрокаты тарихындағы ең ірі жоба «Көшпенділер» фильмінің тұсаукесері болды. Кинематографистердің айтуымен Қазақстанның «Ғасыр жобасы» аталған кинотуынды үшін 34 миллион АҚШ доллары жұмсалды. XVIII ғасырдағы қазақ пен жоңғар арасындағы шайқасты өзек еткен фильмнің мәні мен мазмұны және оның ұлтымыз тарихындағы орны туралы айтып өтті. Түсірілімге 25 елден мамандар шақыртылды. Түсіру тобының құрамында 350 адам жұмыс істеді, оның 160 шетел азаматы. Арнайы фильм үшін соғысқа жарамсыз 13 мың қару-жарақ, жоңғарлар мен қазақтарға 15 мың шатыр, ұлттық киімдер және тұрмыстық заттар дайындалды. Фильмнің режиссері - Талғат Теменов.

«Көшпенділерде» қазақ киноматография саласының аңызға айналған актерлерінен басқа, Голливуд жұлдыздары Марк Дакаскос, Джейсон Скотт Ли, Эрик Норрис түскен.

2007 жылы Алматыдағы «Рабочий поселок» шағын ауданында 1700 орындық Райымбек батыр атындағы жаңа мешіттің іргетасын қалау рәсімі болып өтті. Ізгілікті бұл шараға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлімен қатар Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жалпы аумағы 1,6 гектар жерді алып жатыр.

2009 жылы «Атамекен» мемориалды кешенінің аумағы Мемлекеттік рәміздер алаңы болып өзгертілді.

2010 жылы Астанада Елорда күніне орайластырылып «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық кешенінің салтанатты ашылуы болып өтті. Орталықтың ашылу салтанатына Қазақстан, Армения, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Украина президенттері қатысты. Түн ауа Елорда күні мен президент Н. Назарбаевтың 70 жылдық мерейтойының құрметіне мерекелік отшашу болды.

«Хан Шатыр» - бұл қазіргі заманғы ең батыл және сәулеткерлік әрі инженерлік жетістіктерді жалғастырған бірегей кешен. Ғимарат шатырлы іспеттес түрдегі әлемдегі екінші ал Орталық Азиядағы ең үлкен жалғыз кешен. «Хан Шатыры» бірегей кешені жеті қабаттан тұрады. Оның биіктігі - 102 метр, жалпы аумағы - 127 мың шаршы метр. «Хан Шатырды» жобалау барысында қазақтың салт-дәстүрімен байланысты құндылықтар басты назарға алынған. Мәселен, қазақтың киіз үй жобасы - ғимараттың негізгі элементі. Сондықтан орталықтың құрылымы әлемнің бірде-бір мемлекетінде жоқ.

Сыртқы жабыны қыстың сырқыраған аязы мен жаздың аптап ыстығына шыдайтын материалдан жасалған, күн сәулесі еркін өтеді. Ғимарат ішінде тропикалық бақ, сарқырамалар, жасанды өзендер мен көлдер, құмды жағалау бар. Осыдан бөлек сауда нүктелері, балаларға арналған ойын алаңдары, мейрамханалар, фитнес орталықтары, кинозалдар яғни қалалықтардың демалуына қажеттінің бәрі табылады. Енді қыс мезгілінде ат басын елордаға тіреген туристерге «Хан Шатыр» таптырмайтын орталыққа айналады. Өйткені, кешен ішінде жыл он екі ай бойы жаз мезгілі болып тұрады. Демек, қыс мезгілінде орын алатын қатты аяздар қыдырушыларға зардабын тигізе алмайтын болады. «Хан Шатыр» - халықтың әлеуметтік қажеттілігіне орай дүниеге келген жоба. Яғни, көзделген мақсат - қаланың өсіп гүлденуі ғана емес, ондағы халықтың әлеуметтік өмірінің оңалуына да үлес қосу болып табылады.

2012 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада жаңа «Әзірет Сұлтан» мешітін ашты.

2014 жылы Ақтөбеде Сәңкібай батырдың құрметіне жаңа саябақ пен ескерткіш ашылды.

2014 жылы «Елордалық» орталық мәдени және демалыс паркінде (Тұран және Қабанбай батыр көшелерінің арасында) «ЭКСПО-2017 шығармашылық бульвары» атты мерекелік іс-шара өтті.

2015 жылы Астана күні мерекесін атап өту құрметіне шай өндіру өнеріне арналған Ньюбидан Читра коллекциясының халықаралық көрмесі  өтті.

2015 жылы Астана күніне арнайы дайындалған салмағы 700 келіден асатын қазақша ет Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

2015 жылы Маңғыстаудағы қазба жұмыстарының нәтижесінде археологтар XIV ғасырдағы теңіз арқылы хабарлама қатынасы болғанын дәлелдейтін қызыл маржанның қалдықтарын тауып алды. Экспедиция мүшелері керамикалық ыдыстың ұстайтын құлағын тауып алуды. Бұл жәдігерлер Кетиккале шеберлерінің шын болғанын дәлелдейді. Үш диірмен тасының қалдығының табылуы сол заманда бидайдың өндірілгенін растайды. Сонымен бірге, қытай фарфоры, әйел сақинасының қалдығы, ақық тастар мен моншақтар табылды. Археологтарды табылған жеті тиын да қуантып тастады. Тиындардың екеуінен «хижра санағы бойынша 761-768 жылдар» сөзі оқылды.

2015 жылы Түріктің жалпыұлттық «Ватан» газеті арнайы мақала жариялап, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевқа тұтастай газет нөмірін арнады.

2015 жылы Берлинде Германия Федеративтік Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшілігінде Германияның қоныс аудару ұйымдары одағының Алтын белгісі мен Құрмет грамотасын табыс ету рәсімі өтті. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев марапатталды.

2016 жылы елордада Астана триатлон паркі ашылды. Ашық аспан астындағы бірегей спорт нысаны 45 гектар аумақты алып жатыр. Елорда қонақтары мен тұрғындары мұнда жүгіріп, велосипед айдап, жүзе алады. Триатлонмен айналысу үшін барлық жағдай жасалған.

2018 жылы Талдықорғанда Астананың 20 жылдына орай бірінші даңғыл ашылды. Қаланың жаңа шағын ауданында орналасқан даңғылға «Астана» атауы берілді.

2018 жылы Ақтөбеде бір сағаттың ішінде артериялық қан қысымын бір уақытта өлшеу бойынша Гиннестің рекорды жаңартылды. 500 медицина қызметкері 4 мың ақтөбеліктің артериялық қан қысымын өлшеді. 

 

 

Бөлісіңіз:
MURAǴAT