Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80

10 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 10 шілде 07:00
Поделиться:

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат өз оқырмандарына 2019 жылғы 10 шілдеге арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1965 жылы Маңғыстау мұнайының бірінші эшелоны мұнай өңдеу өнеркәсібіне жөнелтілді.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Алматы қаласындағы Қазан төңкерісінің 50 жылдығы атындағы спорт сарайына ақын, әнші және композитор Балуан Шолақтың есімі берілді.

2006 жылы қызылордалық жазушы-заңгер Әмірхан Бәкірұлының Мұстафа Шоқай өмірін зерттеп жазған «Мұстафа Шоқай» атты кітабы Түркияның «Erzurum» баспасынан түрік тілінде басылып шықты. Автор Шоқайдың өмірі мен қызметі, саяси қайраткерлігі, ұлт азаттығы жолындағы азапты өмірі туралы тым ертеден деректер жинай бастаған. Онда тарихи нақты құжаттар мол, түркі тілдес халықтардың Шоқай туралы кеңінен деректер алуына мүмкіндік жасалған. Көркем безендірілген туынды түрік тілдес оқырмандарына жол тартты.

2009 жылы Алматы облысындағы Талғар ауданы Еламан ауылында «Қазақстан-Қытай» газ желісі алғашқы бөлігінің дәнекерлеу жұмыстары аяқталды.

Бұл жоба Түрікменстанның табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жеткізу мақсатында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Қазақстанның батыс өңіріндегі табиғи газды Қытайға, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласына тасымалдау жүзеге асырылады.

Газ құбыры Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан басталып, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағынан Қытаймен шекаралас Қорғас бекетіне дейін жеткізіледі. Құбыр желісінің жалпы ұзындығы 1304,5 шақырымды құрайды.

2013 жылы Батыс-Қазақстан облысының археологтары Қазақстанда ортағасырлық қалалық мәдениет болғанын айғақтайтын заттар тапты.  Табылған «Тас оба» қалашығы Ақжайық ауданы Есенсай кентінің маңында орналасқан. Біздің заманымыздың XIII ғасырында болған деп есептеледі.

2013 жылы елімізде алғаш рет  А. Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығында бір донордың бірнеше органын (жүрегін, бауырын және екі бүйрегін) төрт науқасқа беру отасы жасалды. Процеске 100-ге жуық медицина қызметкері, соның ішінде 22 хирург жұмылдырылды. Операция жалпы 28 сағат жүргізілді. Ең күрделісі - бауыр трансплантациясы 17 сағатқа созылды.

2014 жылы Astana Opera балетінің әртістері Айгерім Бекетаева мен Еркін Рахматоллаев Миланда Expo-2015 аясында «Ла Скала» театрында өтетін екі гала-концертке қатысуға шақырылды.

2015 жылы Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан және Ресей арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастық байланыстың дамуына қосқан үлесі және интеграциялық процестердің ілгерілеуі бойынша екіжақты өзара іс-қимылдағы белсенділігі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Александр Невский» орденін табыстады.

«Александр Невский» орденімен Ресей Федерациясымен көпжақты ынтымақтастықтың дамуына үлес қосқан көрнекті шетелдік саяси және қоғам қайраткерлері, өзге мемлекеттердің іскерлік қоғамдастық өкілдері марапатталады.

 

2015 жылы Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКІСОЙ) Жастар камералық хоры ІІ Еуропа хор ойындарына қатысып, алтын медаль жеңіп алды.

Магдебург қаласындағы (Германия, Саксония-Анхальт фед. жерінің астанасы) Джордж Филип Телеман атындағы Концерт залында өткен байқауда Жастар камералық хоры Моцарттың, Антонио Лоттидің, Юзеф Свидердің туындыларын және қазақтық белгілі композиторы Еркеғали Рахмадиевтің «Хорал» шығармасын орындады.

2017 жылы Берлин қаласында жүзуден Германия ашық чемпионатында Рио-де-Жанейродағы Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Ғабидуллина 200 метрге еркін жүзуден ақтық сында 03:26,65 көрсеткішімен жаңа әлемдік рекорд орнатты.

2018 жылы Қарағанды қаласында полиция лейтенанты Михаил Татьков кикбоксингтен Италияның Римини қаласында өткен Әлем чемпионатында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленді. Турнирге әлемнің 36 елінен спортшылар қатысқан болатын.

2018 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан «Прогресс МС-09» жүк тасымалдаушы көлік ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясымен сәтті түйісті. Көлік ғарыш кемелерінің тарихында алғаш рет «Прогресс» қысқа екі айналымды схема бойынша ұшты. Зымыран табаны ғарыш айлағынан үзілгеннен орбиталық станциямен түйіскенге дейін 3 сағат 40 минут уақыт жұмсалды.

2018 жылы Вакадува қаласында (Шри-Ланка) шахматтан оқушылар арасында өткен Азия чемпионатында қызылордалық Әсел Серікбай бас жүлдені жеңіп алды. Отандасымыз 17 жасқа дейінгі қыздар арасында рапид бойынша бақ сынасып, 7 турда 6 ұпай жинап, чемпион атанды. Швейцар жүйесімен ұйымдастырылған жарысқа 17 мемлекеттен 400 спортшы қатысты. Әсел Серікбай шахматтан ФИДЕ шебері және ҚР спорт шебері. Ол 12 дүркін Қазақстан чемпионы, 5 дүркін Азия чемпионы,  2 дүркін Әлем чемпионы. Әсел №1 Қызылорда облысының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады.

2018 жылы Кембриджде (Ұлыбритания) «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен Кембридж университеті баспаханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті антологиясы жинағын БҰҰ-ның алты тіліне аудару жұмысы «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бөлігі. «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасының мақсаты - Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі біздің әдебиеттің, музыка және бейнелеу өнерінің, хореография, кино мен театрдың жетістіктерін әлемге паш ету.

 

 

 

Бөлісіңіз:
MURAǴAT